Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Еуропа елдеріне Ресей аумағына шабуыл жасаудың қандай салдарға әкелетінін ескертті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігінің РИА Новостиге сілтеме жасап хабарлауынша, Ресей сыртқы саяси ведомствосының басшысы Еуропамен ықтимал соғыс туралы Халықаралық жастар фестивалінде айтқан.

«Біз Еуропаға шабуыл жасауға ниеттенбейтінімізді бірнеше рет айтқанбыз. Президент (РФ – ред. ескертпесі) жақында бұл тақырыпқа тағы да егжей-тегжейлі тоқталды», – деп еске салды министр.

Сонымен қатар ол Еуропаның Ресейге шабуыл жасауы қандай салдарға әкелетінін ескертті. «Айта кетейін, біздің бұнымен айналысуға ешқандай мүддеміз жоқ, бірақ Ресейге қарсы соғысқа дайындық туралы күн сайын айтып жүрген Еуропа Ресей Федерациясына шабуыл жасаса, бұл мүлде басқа соғыс болады және ол өте қысқа болады», – деп қосты Лавров.

Еске салайық, маусымда НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Ресей альянс үшін ұзақ мерзімді қауіп болып қала беретінін мәлімдеген. Тамызда альянстың Ресеймен соғыс жағдайына арналған жоспар дайындағаны белгілі болды.

Ал бүгін БАҚ Германия билігі елдің денсаулық сақтау жүйелерінің соғысқа және жаралылардың жаппай ағынына дайындық деңгейін тексеруді бастағанын хабарлады.