Халқы небәрі 44 мың адамды құрайтын Орталық Еуропадағы Лихтенштейн княздігі тақ мұрагерлігінің жаңа ережелерін жариялады. Енді әйелдер де таққа отыра алады. Бұл шешім елдің ұлттық мерекесі күні жарияланды.
Лихтенштейннің қазіргі билеушісі князь Ханс-Адем II 1989 жылдан бері князьдік отбасының басшысы болып келеді. Ереже өзгерісі оның мұрагері, тұңғыш ұлы мұрагер князь Алоизге әсер етпейді. Алоиз соңғы жиырма жыл бойы князьдік міндеттердің көпшілігін атқарып келеді.
Лихтенштейн үйінің мәлімдемесінде: "Тақ мұрагерлігі тәртібі еркектердің басымдығынан абсолютті басымдыққа өзгертілуде. Бұл болашақта жынысына қарамастан тұңғыш бала тақ мұрагері, кейін Лихтенштейннің князі немесе княгинясы болады дегенді білдіреді", — делінген.
Өзгеріс қазіргі мұрагерлік тізбегіне әсер етпейді — ол тек мұрагер князь Алоиз бен оның жұбайы мұрагер княгиня Софияның төрт баласының ұрпақтарына ғана қатысты болады. Алоиз мәлімдемесінде: "Заңдағы бұл өзгеріспен біз Лихтенштейн княздігі де, князьдік үй де осы жауапкершілікке ең жақсы дайындалған адаммен басқарылуын қамтамасыз еткіміз келеді", — деді.
Лихтенштейн — Швейцария мен Аустрия арасында орналасқан, теңізге шыға алмайтын шағын ел. Оның билеушісі Еуропадағы әріптестерінен айырмашылығы, кең саяси өкілеттіктерге ие. 2011 жылы Ұлыбритания мұрагерлік заңдарын өзгертіп, монархтың тұңғыш қыздарына таққа отыруға рұқсат берген болатын.


