Қазақстанда ломбардтардағы микрокредиттердің қарыз алушылардың несие тарихында мерзімі өткен қарыз ретінде көрсетілмеуін қарастыратын қаулы жобасы дайындалды. Бұл өзгеріс ломбард клиенттерінің жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ломбардтардағы мүлік кепілімен берілетін несиелер бойынша несие есебінен кейбір деректерді алып тастауды көздейтін қаулы жобасын жариялады. Атап айтқанда, ақпарат берілген күнге мерзімі өткен күндер саны, мерзімі өткен төлемдер сомасы, тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұлдар) сомасы және соңғы төлем күні туралы мәліметтерді алып тастау жоспарлануда.

Қарапайым тілмен айтқанда, жаңа ережелер бойынша ломбардтардағы кепілді несиелер бойынша несие тарихында мерзімі өткен қарыздың егжей-тегжейі көрсетілмейді. Шарт жабылғанға дейін есепте оның тек «Қолданыстағы» мәртебесі көрінеді.

Агенттікте түсіндіргендей, ломбардқа жүгінген кезде қарыз алушының бастапқыда кепілге қойылған мүлікті сатып алу ниеті болмауы мүмкін. Ломбардтарға көбінесе иесі үшін құндылығын жоғалтқан зергерлік бұйымдар қойылады. Сондықтан ломбардтың микрокредитін өтемеу немесе мерзімінің өтуі қарыз алушының төлем қабілетсіздігін немесе оның төлем тәртібінің төмендігін көрсетпейді.

Қазір жоба талқылау сатысында, сондықтан жаңа ережелер әлі күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін ломбардтар банкроттық рәсімінен шығарылған болатын. Олардың бұл рәсімнен шығарылуының себебі дәл қарызды кепілге қойылған мүлік есебінен өтеу механизмінде жатыр.