Қазақстандық миллионер-блогер Мадинахон Мамадалиева, яғни Мадлен, пойызда чемоданы ұрланған соң Венециядағы amfAR Gala Venezia гала-кешіне салтанатты бейнеде шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бірнеше күн бұрын Мадлен Венецияға келген. Алайда сапар қиындықсыз өтпеді. Ол әлеуметтік желіде көз жасымен брендтік аяқ киім мен қымбат сөмкелер салынған чемоданынан айырылғанын айтты. Шығынды 70 мың доллар (шамамен 32 млн теңге) деп бағалады.

Қыз бизнес-класста пойызбен келе жатқан, оның айтуынша, чемоданы сол жерде ұрланған.

«Чемоданда мен үшін ерекше құнды заттар болды. Маңызды сыйлықтар, тарихы мен естеліктері бар, қайта сатып алу мүмкін емес дүниелер. Мүмкін, дәл осы жағдай барынша ауыр тиген шығар», — деп мойындады ол.

Мадлен әлем жұлдыздары жиналған іс-шараға баруға қол жеткізді. amfAR Gala Venezia-ға ол изумруд түсті салтанатты көйлекпен шықты. Фото мен видеоны Instagram-ға жариялады.

«Олар менің қолтырауын былғары сөмкелерімді ұрлай алады, бірақ жеке тұлғамды ұрлай алмайды. Барлығын қайтадан иеленетін тұлғамды! Памела Андерсонның таңырқаған көзқарасына назар аударыңыздар», — деді Мадлен және «өмір жалғасады» деп қосты.