Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) КХДР Йонбендегі басты ядролық кешенінде уран байытудың жаңа нысанын салғанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Агенттіктің бағамынша, жаңа құрылыс 28 каскадқа дейін газ центрифугасын сыйдыра алады.
«Кансон мен Йонбендегі байыту қондырғыларының қазіргі жұмысы, сондай-ақ КХДР-дың қарулық ядролық материалын өндіруді одан әрі кеңейтуі туралы хабарламалар қатты алаңдаушылық тудырады», — деп атап өтті МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси.
Сонымен қатар Агенттік Пхеньянға жақын Кансондағы кеңейтілген уран байыту нысанының іске қосыла бастағанын мәлімдеді.
Айта кетейік, МАГАТЭ инспекторлары 2009 жылдан бері Солтүстік Кореяға кіре алмайды, сондықтан агенттік Пхеньянның әрекетін спутниктік суреттер мен ашық дереккөздердегі мәліметтерді, соның ішінде КХДР мемлекеттік БАҚ жариялаған фотосуреттерді талдау арқылы бақылап отыр.
Агенттік дерегінше, Йонбендегі жаңа екі қабатты ғимарат кешен аумағындағы екінші уран байыту нысаны болып табылады. Мамандар мұндай қорытындыға құрылыс кезеңіндегі спутниктік суреттерді КХДР көшбасшысы Ким Чен Ынның маусымдағы сапарында түсірілген фотосуреттермен салыстыру арқылы келді.
Еске салайық, 20 тамызда Пхеньян маңынан Жапон теңізіне қарай бірнеше жақын ұшу қашықтықтағы баллистикалық зымыран ұшырылды.
Шілдеде КХДР-да елдің ядролық күштерін сапалық және сандық жағынан күшейту туралы шешім қабылданды.


