Сыртқы магниттермен басқарылатын микророботтар дәріні жету қиын тромбтарға жеткізіп, олардың еріуін шамамен 10 есе жылдамдата алады. Бұл тұжырымға Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінің зерттеушілері клиникаға дейінгі сынақтар қорытындысы бойынша келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ғалымдардың әзірлемесі қан ағынында микроқұйындар жасап, тромболитикалық препараттарды тамырлардың бітелуіне тікелей бағыттайды, деп жазады Live Science басылымы.

Қан тамыры бітелгенде тармақталған жүйедегі сұйықтық бітелген бөлікті айналып өтіп, көршілес жолдармен аға бастайды. Салдарынан қарапайым тромболитикалық препараттар мақсатқа дейінгі соңғы миллиметрлерден әрең өтеді. Бұл мәселені шешу үшін медициналық микросистемалар профессоры Симона Шюрленің жетекшілігімен жұмыс істеген топ Жердің магнит өрісінде бағдар табу үшін магниттік құрылымдары бар бактериялардан үлгі алып, оқ тәрізді микробөлшектер жасап шығарды.

Әрбір микроробот темір оксиді нанобөлшектеріне негізделген қатты магниттік өзектен және бөлшектердің бір-біріне жабысуын болдырмайтын гидрогель полимерінен жасалған қорғаныш қабықтан тұрады.

Айналмалы магнит өрісінің әсерінен роботтар тамыр ішінде аунап, дәріні тікелей тромбқа бағыттайтын микроқұйындар жасай бастайды. Алдымен технология шошқа қанының ұйыған қатпарлары бар силиконды тамыр моделінде тексерілді, онда еріу 10 есе жылдамдады.

Кейін тәжірибе бүйрек тамырларында ұйығы бар тірі шошқаларда қайталанды: роботтар мен препаратты бірге енгізу қан ағынын әлдеқайда үлкен аумақта қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Бұған дейін тышқандарда жасалған тәжірибелер микророботтардың материалдары организмде бірнеше апта ішінде қауіпсіз ыдырайтынын көрсеткен еді. Енді ғалымдар адамдарға сынақ жүргізуге көшпес бұрын ірі жануарларда ұзақ мерзімді қауіпсіздік сынақтарын дайындап жатыр.