Алматыдағы балалар шұғыл көмек орталығында бір түнгі ауысымда хирургтер үш шұғыл операция жасап, кішкентай пациенттердің асқазан-ішек жолынан магниттік шарларды алып тастады. Балалардың жасы екіден төртке дейін, барлығына ішек тесілу қаупі төнген еді, деп хабарлайды infohub.kz.

Сол күні алғашқы болып іші ауырып, екі жасар сәби түсті. Ультрадыбыстық зерттеу көптеген бөгде заттардың бар екенін көрсеткен соң, дәрігерлер дереу ота жасауға шешім қабылдады. Операция барысында баланың денесінен 25 магнит алынды.

Бірнеше сағаттан кейін орталыққа екі жарым жасар тағы бір бала жеткізілді. Оның құсуы мен іші ауырған. Шұғыл ота кезінде хирургтер тоғыз магнитті алып тастады.

Сол ауысымның таңына қарай дәл осындай белгілермен төрт жасар пациент келді. Алайда оның ішегіндегі магниттер саны әлдеқайда көп болып, дәрігерлерді таңғалдырды.

«Бұл шок болды. Біз баланың жіңішке ішегінен 59 магнит алдық. (...) Бұл ауысымдағы ең күрделі операция болды», — деді хирург Айбол Сұлтанбеков.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері орталыққа осындай диагнозбен 15 бала түскен, олардың барлығы магнит жұтқан. Дәрігерлердің айтуынша, қауіп магниттердің дене ішінде бір-біріне тартылып, ауыр зардаптарға әкелуінде.

Медиктер қазақстандықтарды магниттік шарлар мен құрамында магниті бар басқа да ойыншықтарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауға және баланың немен ойнайтынын мұқият қадағалауға шақырады.

Бұған дейін Алматыда бір бала үш магнит жұтып, операция үстеліне түскені хабарланған болатын.