Абсолюттік жекпе-жек чемпионатының (UFC) жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев Абу-Дабидегі қонақүйде Усман Нұрмагомедов пен Мераб Двалишвили арасында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Махачев Instagram парақшасында Усманды қорғап шықты. «Қазір Усманды да, жігіттерді де айыптап, оларға қорлық сөз жазып жатқандарға айтарым: Мераб дағыстандық балуанды тегін жерден ұрып, абыройына тиіскенде неге үнсіз қалдыңдар? Адам онымен ниеті бұзылмай сөйлесуге барған. Бүгін болған жайтты Мераб өз елінде бастады — қонақты ұруға рұқсат етіп, оның шешесін де ренжітті», — деп жазды Махачев.
Бұған дейін Двалишвили Абу-Дабидегі қонақүйде өзіне және балуан Сабу Лазишвилиге Нұрмагомедов пен оның достары «артынан шабуыл жасағанын» мәлімдеген. Грузиялық спортшы әлеуметтік желілерде беті қанға боялып, ауыр жарақат алған күйіндегі бейнежазба жариялады.
Red Corner MMA жариялаған кадрларда Нұрмагомедовтің (қара кепкада) бірнеше адаммен бірге Двалишвилиге шынымен де артынан жақындағаны көрінеді. Грузин бұрылып қараған кезде ресейлік оған шапалақ тигізеді. Содан кейін ресейліктің серіктерінің бірі Двалишвилиге аяқпен тепкен, одан соң жаппай төбелес басталған.
Кейінірек Грузиядан шыққан UFC-дің бұрынғы чемпионы Илия Топурия Нұрмагомедовтің ұсталғанын мәлімдеді.


