Халық әртісі Мақпал Жүнісова жолда келе жатып оқыс оқиғаға тап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz.

Әншінің сөзінше, ол сіңлісімен бірге бағыт алған сәтте көлігінің дөңгелегі күтпеген жерден жарылып кеткен. Жол жиегінде тұрған өнер иесіне бейтаныс жолаушы бірден көмекке келіп, дөңгелекті ауыстырып берген. Мақпал Жүнісова қиын сәтте қол ұшын созған азаматқа әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ерекше алғысын білдірді.

«Сіңлім екеуміз келе жатыр едік, жолда көліктің дөңгелегі жарылды. Сұлтан деген Атыраудың жігіті дөңгелекті салып беремін деді. Жақсы адамдар бар ғой, жасы ұзақ болсын», – деп жазды әнші.

Желі қолданушылары көліктің жарылған дөңгелегін көріп, жол апатынан аман қалған әртіске жылы лебіздерін білдіруде. Оқырмандар «Бүйірден жаман кесіп алған екенсіздер, Құдай сақтапты», «Адамның ниетіне қарай жақсылар кездеседі» деп жарыса жазып, әншіге амандық тіледі.