Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа Ресейдің әскери нысанасына айналуы мүмкін деп мәлімдеді. Себебі Еуропа Украинаның стратегиялық тылы болып отыр. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Француз көшбасшысының айтуынша, жақын арада Ресей 300 мың адамды жұмылдыруы мүмкін деген сценарийді шындыққа жанасымды деп санайды. АҚШ, Еуропа және Украина барлау деректеріне сілтеме жасаған Макрон Ресей Мемлекеттік дума сайлауының өтуін күткенін қосты.

Сонымен қатар Франция президенті соңғы апталарда бүкіл Еуропада дұшпандық әрекеттер жиілегенін атап өтті.

«Өткен аптада мен саяси күштердің өкілдерін шақырып, оларды осы қауіптің дамуы және біздің еліміздегі салдары туралы ескерттім. Ресей Еуропаны Украинаның стратегиялық тылы деп санайды, өйткені еуропалықтар украиндықтарға көмектесіп жатыр және Киев Ресейді соғысты тоқтатуға мәжбүрлеу үшін оның мұнай өңдеу зауыттары мен нысандарына соққы беріп отыр. Сондықтан Еуропа нысанаға айналуы мүмкін», — деді Макрон.

Оның айтуынша, шабуылдар ақпараттық салада жалған ақпарат тарату арқылы және киберкеңістікте де жүзеге асырылып отыр.

Бұған дейін Макрон Ресей тарапынан гибридтік шабуылдар қаупі күшейіп бара жатқанда Франция аса маңызды инфрақұрылымды қорғау жоспарын дайындап жатқанын мәлімдеген.

Еске салайық, бұған дейін Литва билігі әскери қауіп туындаған жағдайда тұрғындарды көшірудің егжей-тегжейлі жоспарын дайындағаны белгілі болды. Азаматтарды Польшаға көшіру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Германия билігі елдің денсаулық сақтау жүйелерінің соғысқа және жаралылардың жаппай ағынына дайындық деңгейін тексеруді бастағаны хабарланған.