Жетісу облысында мал сатып алушымын деп таныстырып, қой отарын иемденген ер адамға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жетісу облысы прокуратурасының мәліметінше, Ақсу ауданында бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамдарға қатысты сот үкімдері заңды күшіне енді.

Қылмыстық істердің бірі бойынша, сотталған адам ұсақ мал сатып алушымын деп таныстырып, Ащыбұлақ ауылының бес тұрғынына тиесілі 266 қойды алдап, сенімді теріс пайдаланып иемденген. Зардап шеккендерге 13,8 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Шығынның бір бөлігі өтелгеніне қарамастан, мемлекеттік айыптаушы бұл қайталанған алаяқтық үшін қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза тағайындауға негіз болмайтынын атап өтті. Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 2 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Тағы бір қылмыстық іс бойынша, 2023-2025 жылдар аралығында сотталған адам құрылыс материалдарын жеткіземін, жүргізуші куәлігін рәсімдеп беремін деген және басқа да жалған уәделермен 10 зардап шегушінің 3 млн теңгеден астам ақшасын алдап алғаны анықталды. Бірінші сатыдағы сот оған 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ақсу ауданы прокуратурасының апелляциялық өтініші бойынша үкім өзгертіліп, жаза үш жылға бас бостандығынан айырумен алмастырылды. Апелляциялық саты келтірілген залалдың толық өтелгенін ескерді, алайда бұл жағдай қылмыстық жауапкершілікті жоққа шығармайды.

Қадағалау органы заңды күшіне енген сот актілері қылмыстан келтірілген мүліктік залалдың толық немесе ішінара өтелуіне қарамастан, кінәлілерді қылмыстық жауапкершіліктен босатпайтынын растайтынын атап өтті.

Азаматтарды сақ болуға және күмәнді пайда табу схемаларын ұсынатын адамдарға сенбеуге шақырды.