Жапония астанасы Токиода мәнерлеп сырғанаудан 2026/27 маусымындағы Халықаралық коньки тебушілер одағының (ISU) Гран-приінің алтыншы кезеңі басталды. Бірінші күннің басты оқиғасы — американдық мәнерлеп сырғанаушы Илья Малининнің ерлер арасындағы қысқа бағдарламада әлемдік рекорд орнатуы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Соңғы үш әлем чемпионатының жеңімпазы Малинин төрттік флипті, үштік аксельді, сондай-ақ төрттік лутц пен үштік тулуптан тұратын каскадты таза орындады. Сызба үшін америкалық спортшы 114,81 балл жинап, қысқа бағдарламада жаңа әлемдік рекорд орнатты. Бұған дейінгі жетістік АҚШ-тың тағы бір өкілі Натан Ченге тиесілі еді — ол 2022 жылғы Олимпиадада 113,97 балл жинаған болатын.

Ерлер арасындағы қысқа бағдарламада екінші орынды жапондық Сюн Сато (96,78), үшінші орынды француз Кевин Эймоз (94,15) иеленді.

Әйелдер арасында қысқа бағдарламадан кейін көш басында жапондық Монэ Тиба (77,12) тұр. Екінші орында — Оңтүстік Кореядан келген Джиа Шин (75,31), үшінші орында — бейтарап мәртебеде сырғанайтын ресейлік Алина Горбачёва (71,48).

Жұптық сырғанауда аралық көшбасшы атанғандар — немістер Минерва Фабьенне Хазе мен Никита Володин (75,21). Екінші орында — жапондықтар Юна Нагаока мен Сумитада Моригути (69,78), үшінші орында — армяндар Карина Акопова мен Никита Рахманин (66,95).

Ритмдік биді американдықтар Эмилия Зингас пен Вадим Колесник (83,16) жеңіп алды. Екінші орынды олардың отандастары Кристина Каррейра мен Энтони Пономаренко (80,82), үшінші орынды финляндиялықтар Юлия Турккила мен Маттиас Верслуйс (77,01) иеленді.

Мәнерлеп сырғанаушылар еркін бағдарламаларын сенбіде, 28 қарашада ұсынады. Токиодағы Гран-при кезеңінде Қазақстан спортшылары жоқ.