Ақтауда облыстық ауруханада жыл басында болған 13 жасар баланың қайтыс болуына қатысты медициналық мекеменің хирургі ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, 1 қазанда облыстық балалар ауруханасының хирургі Қазақстан Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысында облыстық балалар ауруханасында балаға медициналық көмек көрсету кезінде ұйымдастыру-тактикалық және емдеу-диагностикалық сипаттағы кемшіліктерге жол берілгені анықталды.
Кәмелетке толмаған баланың жағдайы нашарлаған соң оны санитарлық авиациямен Ақтаудан Алматыға жеткізген. Алайда кейін бала қайтыс болды.
«Қылмыстық іс аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, медицина қызметкерлері жауапқа тартылды, комиссиялық сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Комиссиялық сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету кезінде асқынулардың дамуына ықпал етуі мүмкін кемшіліктер анықталды», — деді полицияда.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шараларының кешені жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау тұрғыны Жұлдыз Азанова дәрігерлік қателік туралы мәлімдеп, оның салдарынан 13 жасар ұлы ауыр жағдайға түсіп, кейін қайтыс болғанын айтқан болатын. Әйел Қазақстан Президентіне жүгінген. Оның айтуынша, бәрі 17 қаңтарда ұлының іші кенеттен ауыра бастағанынан басталған.
Сәуірде Денсаулық сақтау министрлігі баланың ауруханада қайтыс болуынан кейін Маңғыстау облысының ауруханасы мен емханасында жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, бірқатар бұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді.
Тамызда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Маңғыстаудағы 13 жасар баланың қайтыс болуына қатысты пікір білдірді. Министр жасөспірімнің анасымен кездесетінін уәде етті.


