Ақтаудағы «Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталығында екі тәулік ішінде үш жұп егіз дүниеге келді. Маңғыстау облысында тіркелген бұл ерекше нәресте бумасы туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығының мәліметінше, екі отбасында ұл мен қыз, тағы бір отбасында екі ұл дүниеге келген.
Перзентхананың дерегінше, алғашқы егіздер 13 қарашада сағат 14:00 мен 14:09-да туған. Отбасында салмағы 2740 грамм, бойы 51 сантиметр ұл, сондай-ақ салмағы 2830 грамм, бойы 52 сантиметр қыз дүниеге келді.
Сол күні сағат 17:16 мен 17:33-те тағы бір жұп егіз — екі ұл туған. Нәрестелердің салмағы 2430 және 2290 грамм, бойы 46 сантиметрден болды.
Ал 14 қарашада сағат 11:58-де салмағы 3080 грамм, бойы 51 сантиметр ұл, сағат 12:15-те салмағы 2960 грамм, бойы 52 сантиметр қыз дүниеге келді.
Бір жұп егіздің — ұл мен қыздың — ата-анасы нәрестелеріне Ануар және Ақнұр деп ат қойғаны атап өтілді.
Еске салайық, бұған дейін Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының перзентхана бөлімі мен консультативтік-диагностикалық орталықта бір күнде сегіз нәресте — төрт жұп егіз дүниеге келгені хабарланған болатын.


