Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде аман қалған әскери қызметшілердің бірі Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында жатыр. Оған қажетті медициналық көмектің барлығы көрсетілуде, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында. «Науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Оған қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Әскери қызметшінің жағдайы қазіргі таңда тұрақты ауыр деп бағалануда», — делінген хабарламада.

Мамандар қажетті емдеуді жалғастырып, науқастың жағдайын бақылауда ұстауда. Ахуал Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы барысында Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райының күрт нашарлауы мен желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді теңізге ағызып әкеткен.

Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, теңізге 19 әскери қызметші ағызылып кеткен. Қазіргі уақытта 9 әскери қызметшінің қаза тапқаны тіркелді.

Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын хабарлады. Ақтаулық блогер Азамат Сарсенбаев Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай орнынан видео жариялады.

Әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жіберілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтып, трагедияны тергеу жөнінде тапсырмалар берді.

Ақтауда қала күніне орай мерекелік шаралар тоқтатылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

24 қыркүйек кешінде премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың басшылығымен комиссия Маңғыстау облысына келді.