Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың туыстары Ақтаудағы қалалық мәйітхананың алдына жиналды, бірақ ұлдарын өз көздерімен көре алмады. Кейбіреулерінің әскери қызметтен босауына санаулы күн қалған еді. Бұл туралы қаза тапқан әскери қызметшілердің бірінің әкесі айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Үйіме осы жаңалықпен келді. Әкімдіктен, учаскелік полицей келді. «Кешіріңіз, сіздің ұлыңыз аты-жөні осы ма? Ол мәйітханада», – деді. Бірақ мен бұл менің ұлым ба, жоқ па, әлі білмеймін. Ешкім ешқандай ақпарат бермейді, ешкім шықпайды!» – деді журналистерге ресми тізім жарияланғанға дейін қаза тапқандардың бірінің әкесі Жүсіп Оразали.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты қазақстандықтар 11 жыл бұрын Каспийде болған төтенше жағдайды еске алуда. Сол кезде де оқу-жаттығу барысында теңіз десантын түсіру кезінде алты БТР теңізге шыққан. «Оларды толқын қаптап, тек екі машина ғана жағаға шыға алды. Қалғандары әскери қызметшілермен бірге суға кетті. Сонда төрт адам қаза тапты. Қызметке немқұрайлы қарауға кінәлі деп алты командир танылды. Олар бір жарымнан екі жылға дейін колония-поселениеде және шартты түрде жаза алды», – делінген КТК телеарнасының сюжетінде.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында ауа райының күрт нашарлауы мен желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілер теңізге ағызылып кетті.
Алғашында теңізге 19 әскери қызметші ағызылып кеткені және 9 әскери қызметшінің қаза тапқаны бірден расталғаны хабарланды. Бас прокуратура Ақтау гарнизонында қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын мәлімдеді.
Әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін үкіметтік комиссия құрылып, төтенше жағдай орнына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жіберілді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтып, қайғылы оқиғаны тергеу жөнінде тапсырмалар берді.
Ақтауда қала күніне орай мерекелік іс-шаралар тоқтатылды. Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Көп ұзамай Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың басшылығымен комиссия Маңғыстау облысына келді. Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандардың туыстары мәйіттерді сәйкестендіру үшін Ақтаудағы мәйітханаға келді.
24 қыркүйек кешінде нақтыланған деректер белгілі болды. Теңізге 17 адам ағызылып кетті, олардың 12-сі қаза тапты, үшеуін құтқару мүмкін болды. Қалған екі әскери қызметшіні іздеу жалғасуда.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады. Тізімге 11 матрос және бір аға лейтенант енді.
Сонымен қатар, Қанат Бозымбаев Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғаға кінәлі барлық лауазымды тұлғалар «әрекет немесе әрекетсіздік» үшін жазаланатынын уәде етті.


