Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауында өткен Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады. Тізімге денелері табылып, қазасы ресми расталған 11 матрос пен бір аға лейтенант енді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерінің жеке құрамы Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады», — делінген қорғаныс ведомствосының хабарламасында.
Lada.kz басылымы Маңғыстау облысындағы штаб жұмысы орнында жарияланған қаза тапқандардың тізімін тұрғылықты жерлерімен бірге келтірді.
Мадихан Азамат Болатбекұлы, 10.06.2007 жылы туған, Маңғыстау облысының тумасы, Жаңаөзенде тұрған.
Төлеген Ақылбек Қабенұлы, 11.02.2007 жылы туған, Маңғыстау облысының тумасы, Жармыш ауылында тұрған.
Бердиханов Мейрамбек Ермуханұлы, 21.03.2006 жылы туған, Маңғыстау облысының тумасы, Жаңаөзенде тұрған.
Аяпберген Сержан Талғатұлы, 18.02.2006 жылы туған, Маңғыстау облысының тумасы, Ақтауда тұрған.
Мұхтарұлы Олжас, 09.01.2003 жылы туған, Түркістан облысының тумасы.
Темиргалиев Женис Тілеушеевич, 08.05.2005 жылы туған, Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданының тумасы.
Кобенов Алмас Жусипулы, 23.01.2006 жылы туған, Өзбекстан Республикасының тумасы, Баянды-3 ауылында тұрған.
Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлы, 23.04.2007 жылы туған, Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданының тумасы.
Жаңабай Асет Саматұлы, 19.09.2006 жылы туған, Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылының тумасы.
Бегей Дастан Нурболұлы, 03.09.2007 жылы туған, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен.
Диханбаев Олжас Тажибайұлы, 14.12.2005 жылы туған, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен.
Гилаж Ақжайық Болатбетұлы, 15.09.2006 жылы туған, Батыс Қазақстан облысы, Орал.
Апат 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болды. Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының күрт нашарлауы мен желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге ағызып әкетті.
Алғашында теңізге 19 әскери қызметші ағызылып кеткені хабарланды. Сол кезде 9 әскери қызметшінің қаза тапқаны тіркелді. Бас прокуратура Ақтау гарнизонында қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын мәлімдеді.
Әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін үкіметтік комиссия құрылып, төтенше оқиға орнына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жіберілді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтып, апатты тергеу жөнінде тапсырмалар берді.
Ақтауда Қала күніне орай мерекелік іс-шаралар тоқтатылды. Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
24 қыркүйек кешінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың басшылығымен комиссия Маңғыстау облысына келді. Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандардың туған-туыстары Ақтаудағы мәйітханаға денелерді тану үшін келді.
24 қыркүйек кешінде нақтыланған деректер белгілі болды. Теңізге 17 адам ағызылып кетті, олардың 12-сі қаза тапты, үшеуін құтқару мүмкін болды. Қалған екі әскери қызметшіні іздеу жалғасуда.


