Маңғыстау облысында бала ысталған балықтан уланып, жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап, емдеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бала көпбейінді балалар ауруханасының мамандарының бақылауында. Ауруханаға түскеннен кейін оған ботулизмнің ауыр түрі және инфекциялық-токсикалық шок диагнозы қойылды. Жас пациентке қарсы ботулиндік сарысу егілді.
Мамандардың айтуынша, күн сайын консилиум өткізіліп, еліміздің басқа өңірлеріндегі дәрігерлермен телеконсультациялар ұйымдастырылған.
«Бала бізге ботулизмнің ауыр түрімен, инфекциялық-токсикалық шок күйінде түсті. Ол ес-түссіз жатты, рефлекстері жоқ еді. Оны шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызып, өкпені жасанды желдету аппаратына қостық. Қазіргі таңда бала қажетті емнің барлығын алып жатыр», — деді көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Әлия Ишимова.
Астанадан реаниматолог, инфекционист және невропатолог шақырылды. Ахуал облыс әкімінің жеке бақылауында.
«Біздің дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Олар Астанадағы мамандармен онлайн-консультацияда. Ата-анасы астаналық дәрігерлердің келіп, баланы тексеруін сұрады. Жақын арада инфекционист пен реаниматолог Ақтауға ұшып келуі тиіс. Дәрігерлер қазірдің өзінде осында келе жатыр», — деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Бұған дейін біз Маңғыстауда отбасылық дастарқан жансақтау бөлімімен аяқталғанын хабарлаған болатынбыз.


