Ауыр ботулизммен реанимацияда жатқан 9 жастағы баланың туыстары шағымданған соң, Маңғыстау облысына Астанадан мамандар жіберілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Біздің дәрігерлер қолдарынан келгеннің бәрін жасап жатыр, Астанамен онлайн кеңесіп отыр. Туыстары Астанадан дәрігерлер келсін деген мәселені көтерді. Ең жақын рейспен инфекционист пен реаниматолог ұшып келеді», — деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Бұған дейін Kursiv жазғандай, баланың туыстары әкімге және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына жүгінген. Олар бала төртінші күн ауыр халде жатқандықтан, Ақтауға республикалық деңгейдегі дәрігерлерді жіберуді сұраған.

«Балаға толыққанды медициналық көмек көрсету қажет, жоғары білікті мамандардың кеңесі керек деп есептейміз», — делінген өтініште.

Үш ересек адам мен 9 жастағы бала дастарқан басынан кейін ауруханаға жатқызылған. Улануға үй жағдайында дайындалған суық ысталған балық себеп болуы мүмкін.

Барлық науқаста ауыр ботулизм белгілері анықталып, олар ЖӨА аппараттарына қосылды және оларға қарсы ботулиндік сарысу енгізілді.

Науқастардың жағдайы әлі де ауыр деп бағаланып отыр. Бала инфекциялық-токсикалық шок күйінде түскен және әлі күнге дейін есін білмей жатыр.

Қазір астаналық мамандар науқастарды тексеріп, жергілікті дәрігерлермен бірге емдеу тактикасын анықтауы тиіс.

Ботулизм мен тағамдық уланудан қалай қорғануға болады — Kursiv Health мақаласынан оқыңыз.