Маңғыстау облысының экология департаменті Құлжан мұнай кен орнында болған өрттің мән-жайын ашып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға 2026 жылдың 7 тамызында болды. «Meerbusch» ЖШС-нің мәліметінше, аталған кен орнының «Мұнай тапсыру пункті» нысанында жергілікті өрт тіркелген.

Алдын ала деректер бойынша, өрт ЦА-320 цементтеу агрегатында резервуардың (РВС №2, көлемі 2000 текше метр) түбіндегі шөгінділерді ішкі тазалау жұмыстары кезінде шыққан. Жұмыс жүргізіліп жатқан кезде резервуар бос болған, онда мұнай болмаған.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өрт сағат 19:20-да оқшауланып, 20:00-де толық сөндірілді. Қазір нысан қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Алдын ала айтарлықтай материалдық залал анықталған жоқ.

Департаментте болған оқиға туралы Маңғыстау облысының ТЖД және Мемлекеттік еңбек инспекциясы хабардар етілгенін атап өтті.

Өрттің түпкілікті себебі, ықтимал залалдың мөлшері және құқықтық бағасы нысанды тексеру және тексеру іс-шараларынан кейін анықталады. Мұнайдың технологиялық жабдық пен аумақтан тысқары жерге төгілуіне жол берілген жоқ.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Боранқұл ауылындағы Құлжан кен орны аумағында түсірілген ірі өрттің видеолары тараған болатын. ТЖД және компания тарапынан түсініктеме берілді.