Маңғыстау облысында алғаш рет күздік бидай егілді: 18 қарашада облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданына жұмыс сапары барысында Шайыр ауылдық округінің Тасмұрын деген жерінде бидай өсіру жобасының жүзеге асуымен танысты. Мұнда алғашқы күздік тұқым жерге түсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, бұл аумақта ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба басталды. Оның аясында «Мақсат» шаруа қожалығына үш жылға 2 мың гектар жер телімі — картоп пен бидай өсіру үшін — жалға берілді.

Қазір шаруашылықта күздік бидай егу бойынша агротехникалық жұмыстар жүріп жатыр. Биылғы егіс науқанында 300 гектар жер өңделді, жер жырту, топырақты құнарландыру және тұқым себу басталды. Егіс және жинау жұмыстарына қажетті техника — тракторлар, соқалар, сепкіштер мен комбайндар — бар. Бүгінде шаруашылықта 15 адам еңбек етеді.

Әр гектардан 15–20 центнерден өнім алу жоспарлануда. Осылайша, 300 гектардан жиналатын өнімнің жалпы көлемі 450–600 тоннаға жетпек.

Егіс алқабындағы жұмыс барысын көрген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай аграрлық салада мұндай жобаларды жүйелі жүзеге асырудың, жерді тиімді пайдаланудың және өсімдік шаруашылығын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ басталған жұмыстың нәтижелі болуы үшін қажетті қолдау көрсетілетініне сендірді.