Маңғыстау облысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері тінту жүргізіп, адамдарды ұстады. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 232,97 грамм марихуана тәркіленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, ведомство қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлерімен және «Арлан» мен «Бүркіт» арнайы бөлімшелерінің сарбаздарымен бірлесіп, есірткі заттарының заңсыз айналымының екі дерегін жолын кесті.

Мұнайлы ауданында полицейлер қызметтік ит Кираның қатысуымен BMW маркалы көлікті тоқтатты. Көлікте екі ер адам болған. Жеке тінту барысында олардың біреуінен салмағы 34,6 грамм марихуана салынған орама табылып, тәркіленді.

Көлік жүргізушісі сот шешімімен 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Екінші ер адамның медициналық куәландыру қорытындысы бойынша есірткілік масаң күйі анықталды. Ол Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Сол күні Жаңаөзенде полицейлер жеке үйлердің бірінде тінту жүргізді. Гараж бен шаруашылық құрылыстарда жалпы салмағы 198,37 грамм марихуана салынған көптеген орама мен пакет табылып, тәркіленді. Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Осылайша, екі жедел іс-шараның нәтижесінде полицейлер 232,97 грамм марихуана тәркіледі. Екі дерек бойынша да болған жайдың барлық мән-жайын және ықтимал қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жалғасуда.