Маңғыстау облысының басшылығында кадрлық өзгерістер болды: Ербол Ізбергенов акимнің бірінші орынбасары, ал Бекбол Орынбасаров облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Тиісті өкімдер Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен қол қойылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ербол Курентайұлы Ізбергенов 1973 жылы 11 тамызда Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құрық ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1991 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясының құрылыс-монтаж учаскесінде қалаушы болып бастады.

Әр жылдары құрылыс ұйымдарында, Ақтау қаласының әкімдігінде жұмыс істеп, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары және облыстық құрылыс басқармасының басшысы болды. Сондай-ақ Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігінде, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде басшылық қызметтер атқарды.

2019–2020 жылдары «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып, кейін «Атамекен» кәсіпкерлердің өңірлік палатасын басқарды. 2020–2023 жылдары Ақтау әкімінің орынбасары және әкімі қызметтерін атқарды. 2024–2025 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып, 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап облыс әкімінің орынбасары қызметінде болды.

Бекбол Тілеумұратұлы Орынбасаров 1971 жылы 18 маусымда Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1993 жылы «Баутинский» кеден бекетінің инспекторы болып бастады.

Кейін банк саласында, Ақтау қаласының әкімдігінде және өңірдің мемлекеттік органдарында жұмыс істеп, қала әкімінің орынбасары және Ақтау әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарды. 2006–2010 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде және «Қаспий» ӘКК» АҚ-да жұмыс істеді. 2010–2019 жылдары «Отырар Энерджи» ЖШС мен «Адай» ЖШС-ін басқарды.

2020–2021 жылдары Орынбасаров «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма төрағасы, ал 2021–2023 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары болды. 2023–2026 жылдары Қазақстан Парламенті Сенатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болып, Қаржы және бюджет жөніндегі тұрақты комитетінің құрамына кірді.