Маңғыстау облысында оқу мәдениетін қалыптастыруға және жас ұрпақтың рухани-танымдық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды бастама басталды. Өңірде облыс әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды infohub.kz.
Құжатқа Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Үрісбаев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды.
Ынтымақтастықтың басты мақсаты – Маңғыстау облысында «Оқитын ұлт» республикалық марафонын бірлесіп іске асыру, оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, оқырмандық орта қалыптастыру және қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыру. Бұл бастама мемлекет басшысының оқу мәдениетін дамытуға, білімге ұмтылысты арттыруға және білімді ұлт қалыптастыруға бағытталған жарлығын іске асырудың маңызды тетіктерінің біріне айналады.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Аббат Үрісбаев «Оқитын ұлт» жобасының басты мақсаты – халық арасында оқу мәдениетін сіңіру, отандық әдебиетті насихаттау және интеллектуалды ұлт қалыптастыруға үлес қосу екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елде оқу мәдениетін қалыптастыруға және жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Өйткені бәсекеге қабілетті, шығармашыл және жасампаз тұлға тәрбиелеудің негізі – білім мен кітап. Осыған орай бүгінгі бастаманың мақсаты айқын. Қоғамда, әсіресе халық арасында оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, отандық әдебиет пен ағартушылық құндылықтарды дәріптеу қажет. «Оқитын ұлт» жобасын Маңғыстау облысының барлық аудандары мен қалаларында жоғары деңгейде іске асыру жоспарлануда», – деді Аббат Үрісбаев.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков те жобаның маңыздылығын атап өтті.
«Дана ұлт қалыптастыру – бір күннің немесе бір жобаның ісі емес. Бұл қоғамның ойлау мәдениетін өзгертетін ұзақ мерзімді процесс. Біз үшін бұл бастаманың көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев дүниеге келген қасиетті топырақта жүзеге асуы ерекше маңызды. Маңғыстау облысымен осы бағытта нәтижелі және мазмұнды әріптестік орнайтынына сенімдіміз», – деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Меморандум аясында оқуды насихаттауға бағытталған түрлі қоғамдық-ағартушылық іс-шаралар, оқырмандық бастамалар және марафонның өңірлік кезеңдері ұйымдастырылатын болады.
Жобаны іске асыруға Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры және Yandex Qazaqstan компаниясы Яндекс Кітаптар сервисімен бірлесіп қатысуда. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.


