Маңғыстау облысында есепте тұрған азамат жазасын өтеу тәртібін бірнеше рет бұзғаны үшін сотқа тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ведомствоның Instagram-дағы ресми парақшасында хабарланғандай, Түпқараған аудандық сотында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғанға қатысты көрсетпелі сот отырысы өтті. Оған басқа да есепте тұрған азаматтар қатысты.
Қаралған материалдарға сәйкес, сотталған адам жазасын өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған. Атап айтқанда, тұрғылықты жері бойынша болмаған, бірнеше тәулік бойы үйде көрінбеген, сондай-ақ жұмысқа кеткені туралы пробация қызметінің қызметкерлерін хабардар етпеген.
Сонымен қатар, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар арасында жүргізілген наркологиялық скрининг барысында оның биологиялық сынамасында есірткі затының белгілері анықталған.
Жіберілген бұзушылықтарға байланысты пробация қызметі сотқа жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айырумен алмастыруды сұрап ұсыныс енгізген.
Сот материалдарды қарап, пробация қызметінің ұсынысын қанағаттандырды.
Сот шешіміне сәйкес, сотталған адам сот залында қамауға алынып, жазасының қалған бөлігін өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберілді.


