Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай туралы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстанның төрт тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Полицияның мәліметінше, Д.С. және Г.С. деген азаматшалар Facebook желісінде әскери қызметші А.А. туралы жазба жариялаған. Олар ер адам суға батып бара жатқан жолдасын өзі құтқарып, жағаға шыққанын, ал оқиғаның мән-жайы мен оның ісі әдейі жасырылып отырғанын алға тартқан.

Тексеру барысында Д.С. бұл мәліметті алыс туыстарынан естігенін түсіндірді. Г.С. ақпаратты әлеуметтік желіден тауып, растығын тексермей өз парақшасында жариялағанын айтты.

Қорғаныс министрлігі бұл хабарламаларды ресми түрде жоққа шығарды. Ведомствоның дерегінше, оқу-жаттығу кезінде А.А. жағажайда болып, оқу бағдарламасында көзделген міндеттерді орындаған. Онымен бірге мерзімді әскери қызметтегі матрос М.Ә. де болған. Екі әскери қызметші де әскери бөлім орналасқан жерде қызметін жалғастыруда.

Сонымен қатар полиция оқиға туралы жалған мәлімет таратқан Шымкент тұрғыны С.К. мен Көкшетау тұрғыны К.О-ны да анықтады. Әйел Facebook желісінде тағы бір әскери қызметші қаза тапқаны, оның туыстарына қысым көрсетіліп, ақша талап етілгені туралы жазған. Ер адам Маңғыстау облысында тағы бір әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы жалған ақпарат жариялаған.

Сот төрт азаматтың барлығын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Полиция бөтен материалдарды қайта жариялау мен сыртқы дереккөзге сілтеме жасау тексерілмеген мәлімет таратқаны үшін жауапкершіліктен босатпайтынын еске салды.

Бұған дейін «Курсив» Петропавл блогері Ирина Антоненко Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні еске алу күні тікелей эфир жүргізгені үшін 10 тәулік әкімшілік қамауға алынғанын жазған. Полиция редакцияның сауалына берген жауабында оның әрекеті ұсақ бұзақылық деп сараланғанын мәлімдеді.