Маңғыстау облысында Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасына демеушілік көмек ретінде бөлінген қаражаттың жымқырылуы тергелуде. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ресми Telegram-арнасында мәлім етілгендей, 2025 жылы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-на күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек көрсету туралы өтініш білдірген. Жобаны жүзеге асыруға 223 млн теңге бөлініп, оны «ОзенМұнайГаз» АҚ «Жарылқау» қоғамдық қорына аударған.
Бастапқыда жоба сегіз түрлі медициналық жабдықты сатып алуды және мамандарды оқытуды көздеген. Алайда кейін оның шарттары өзгертіліп, бөлімшеді кешенді жабдықтаудың орнына қоғамдық қор, қалалық аурухана және «AKBS Invest» ЖШС арасында құны 210 млн теңге тұратын екі ғана күйікке қарсы төсек сатып алуға үшжақты шарт жасалған.
Сонымен қатар, ҚМА-ның мәліметінше, сатып алу осындай құндағы медициналық техниканы Бірыңғай дистрибьютор арқылы алуды талап ететін заңнама талаптарын айналып өтіп жүргізілген.
«Тергеу деректері бойынша, құқыққа қайшы схемаға қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының жетекшісі, Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары және жеткізуші қатысқан. Жабдық сатып алуға 92 млн теңге ғана жұмсалған. Қалған сома тергеу нұсқасы бойынша аффилиирленген кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген», — деді ведомствода.
ҚМА дерегінше, «AKBS Invest» ЖШС өкілі қылмыстық жолмен тапқан кірісіне астанадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғаларға рәсімдеген.
Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы бойынша лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша тергеу басталды.
Үш күдікті қамауға алынды. Соттың санкциясымен олардың мүлкіне, оның ішінде 3 пәтер, 2 тұрғын үй және бір автокөлікке тыйым салынды. Тергеу жалғасуда.


