Француз және ресейлік актриса, әнші әрі жазушы, ақын Владимир Высоцкийдің соңғы жұбайы Марина Влади 89 жасында өмірден өтті. Әртіс туралы француздық BFV TV телеарнасы хабарлады, деп жазады NUR.KZ «Известия»-ға сілтеме жасап, infohub.kz сайты хабарлайды.
«Француз-орыс актрисасы, әнші әрі жазушы Марина Влади осы бейсенбіде, 24 қыркүйекте қайтыс болды. Ол 88 жаста еді», — деп келтіреді басылым телеарна хабарламасын.
Туған кезде Екатерина-Марина Полякова-Байдарова есімін алған Марина Влади 1938 жылы 10 мамырда Клишиде, 1917 жылғы революциядан кейін Ресейден кеткен орыс эмигранттарының отбасында дүниеге келді. Әкесі, опера әншісі Владимир Поляков-Байдаров, Ресейден Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде кеткен. Анасы — орыс генералының қызы, балерина Милица Энвальд — 1919 жылы Францияға эмиграциялаған.
Влади өз жолын Париж операсының жас бишісі ретінде бастады, алайда көп ұзамай балерина мансабынан бас тартып, актерлік кәсіпті таңдады. Лақап атын әкесі қайтыс болғаннан кейін алды. Алғашқы рөлін он жасында — Жан Герейдің «Жазғы найзағай» (1949) фильмінде сомдады.
Ол небәрі 17 жасында режиссер Робер Оссейнге тұрмысқа шығып, оның төрт фильмінде түсті. Олар сол кездегі кинематографтағы ең көрнекті жұптардың бірі атанды.
1963 жылы актриса Канн кинофестивалінде үздік әйел рөлі үшін жүлде алды, онда қазылар алқасы оның Марко Ферреридің «Жұбайлар төсегі» фильміндегі жұмысын атап өтті.
1970-1980 жылдары Марина Влади ақын әрі бард Владимир Высоцкиймен некеде болды. Олар 1967 жылы танысып, 1970 жылы отбасын құрды. Марина үшін Высоцкий үшінші күйеуі болды, неке әншінің 1980 жылы қайтыс болуына дейін жалғасты.
Высоцкий қайтыс болғаннан кейін Влади төртінші рет — онколог дәрігер Леон Шварценбергке тұрмысқа шықты. Онымен 23 жыл бірге өмір сүрді, соңғы күйеуі 2003 жылы қайтыс болды.
Оссейнмен бірінші некесінен оның екі ұлы — Игорь мен Пётр дүниеге келді.


