Марокколық 200-ге жуық заңсыз мигрант Испанияның Сеута анклавындағы Трамполин жағажайындағы стихиялық лагерьде баспана беруді талап етіп, наразылық акциясын өткізді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
РИА Новости EFE агенттігіне сілтеме жасап, наразылық білдірушілер өз талаптарын қатты дауыспен жеткізгенін хабарлайды. RTVE телеарнасының тілшісі Хесус Наварро жағажай маңында полиция кезекшілік етіп тұрғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Espaniol газетінің деректеріне сәйкес, Испания полициясы шілде айынан бері Сеутада миграциялық дағдарыс аясында жыныстық зорлық-зомбылықтың 15 жағдайын тіркеген. Басылымда әйелдер мен қыздар мигранттардың жаппай ағынынан туындаған тәртіпсіздік пен қауіпсіздіктің болмауы салдарынан зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқаны атап өтілген. Осы қылмыстар бойынша екі адам ұсталды.
Еске салайық, 30-нан 31 шілдеге қараған түні мыңдаған марокколық мигрант Африканың солтүстігінде орналасқан Испанияның Сеута анклавындағы шекараны бұзып өткен болатын. Испания билігі әскерді жұмылдыруға мәжбүр болды. Жұма күні кешке қарай мигранттардың көпшілігі Сеутадан кетіп, Мароккоға қайтып оралды. Бастапқыда шекарадан өтуге тырысқан кезде кемінде 57 адам қаза тапқаны, олардың денелері судан алынғаны хабарланған.
Марокко ІІМ мигранттардың басып кіруін шекараға адамдардың жаппай ағылуына әкелген жалған ақпаратпен байланыстырды.


