Масалар үшін бәріне бірдей тартымды адам деген жоқ: жәндіктер терінің бірегей химиялық иісіне және денедегі бактериялардың құрамына бағдарланады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Флорида халықаралық университетінің зерттеушілері 119 еріктінің қатысуымен тәжірибе жүргізіп, осындай қорытындыға келді. Жұмыс барысында ғалымдар қауіпті жәндіктердің үш түрін — денге безгегі, Зика вирусы, сары безгек және Батыс Нил вирусын таратушыларды сынақтан өткізді. Нәтижелер бір адамның үш қанасор түрінің бәрін бірдей тартпайтынын көрсетті.

Жәндіктердің таңдауы олардың белсенділік уақытына және химиялық маркерлерге байланысты болды. Күндізгі Aedes aegypti масасы ерлердің және парфюмерия қолданбаған адамдардың терісіне жиі қонды. Азиялық жолбарыс масасы Aedes albopictus терісінде кетондар мен табиғи өсімдік қосылыстарының деңгейі жоғары адамдарды таңдады. Түнгі Culex quinquefasciatus масасы микробиомға — адам денесіндегі бактериялар мен микроорганизмдердің бірегей қауымдастығына бағдарланды, олардың бір бөлігі жәндіктерді тартса, бір бөлігі үркітті.

Жұмыс авторларының айтуынша, әр адамның иісі 1000-нан астам ұшпа органикалық қосылыстан қалыптасады, ал тері бетіндегі бактериялар жеке сигналдық профильді айқындайды. Жаңа деректер нақты аймақтарда қауіпті жәндіктердің жекелеген түрлерінен қорғайтын мақсатты репелленттер жасауға көмектеседі.