Ресейдің алты қаласының тұрғындары 25 қыркүйектен бастап Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне келіп, Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуда. Мәскеудегі Қазақстан Республикасы елшілігінің ғимаратына және Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Астрахань, Екатеринбургтегі бас консулдықтарға гүл шоқтары қойылуда. Келушілердің арасында Ресейде тұратын қазақстандықтар бар, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Адамдар қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендерге тез сауығуды тілеуде. Елшіліктің электрондық поштасына да көңіл айту хаттары келіп түсуде.
«Қазақстанның Ресейдегі дипломатиялық өкілдіктерінде көңіл айту кітаптары ашылды. Оларға Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Василий Осьмаков, Ресей СІМ ТМД елдері бойынша үшінші департаментінің директоры Александр Стерник, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және ТМД Бас хатшысының орынбасары Денис Трефилов жазба қалдырды. Көңіл айтқандардың қатарында Ресейдегі Австралия елшісі Джон Гиринг, Ресейдегі Беларусь елшісі Юрий Селиверстов, Омбы вице-мэрі Елена Дячук және басқалар бар», — делінген Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметші ашық теңізге ағызылып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты. 25 қыркүйек таңында соңғы жоғалған екеуінің — сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды. Осыдан кейін іздеу операциясы аяқталды.
25 қыркүйекте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Мемлекет басшысына әлем елдерінің басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түсуді жалғастыруда.
Бұған дейін «Курсив» теңізшілердің қаза табуына қатысты іс бойынша Қазақстан Қорғаныс министрлігінің бес офицері ұсталғанын жазған болатын. Немқұрайлылық пен кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша қозғалған қылмыстық іс Бас прокуратураның ерекше бақылауында. Төтенше жағдайдың себептерін анықтау үшін Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев басқарған үкіметтік комиссия құрылды. Вице-премьер Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан теңізшілердің отбасылары тиесілі барлық төлемдерді кідіріссіз алатынын уәде етті.


