Әлеуметтік желі қолданушылары 1937 жылғы фрескадан смартфонды байқап, уақыт сапары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Желіде итало-америкалық суретші Умберто Романо салған «Мистер Пинчон және Спрингфилдті игеру» атты фреска жөнінде талқылау қызды. Туындыда Спрингфилд (Массачусетс штаты) қаласының негізін қалаушы Уильям Пинчон колонистер мен жергілікті байырғы американдық тайпа өкілдерінің ортасында бейнеленген.
Қолданушылардың назарын алдыңғы пландағы, қолында жылтыр жиегі бар тікбұрышты қара зат ұстап, оған қадала қарап тұрған ер адамның бейнесі тартты. Көбі сол заттан қазіргі смартфонды көріп, уақыт сапары туралы теорияларды тарата бастады.
Фреска Массачусетс штатының үкімет ғимаратында орналасқан, бұрын оны Спрингфилдтің бас поштасы иеленген. Картина Ұлы депрессия кезінде өнерді қолдауға арналған Federal Art Project үкіметтік бағдарламасы аясында салынған.
Тарихшылар мен өнертанушылар конспирологиялық нұсқаларды жоққа шығарып, қарапайым түсініктеме ұсынады. Бәлкім, суретші XVII ғасырда еуропалық қоныстанушылар мен Американың байырғы халықтары арасындағы саудада кең тараған қалта айнасын бейнелеген болар. Зерттеушілер басқа да ықтимал нұсқалар ретінде шағын діни басылымды немесе темір жүзді атайды.
Сарапшылардың пікірінше, конспирологиялық теория гаджеттерге үйренген қазіргі көрермендердің көз алдауы мен қабылдауының нәтижесі болды.


