Массачусетс штатында (АҚШ) 270-тен астам католик діни қызметкері ондаған жылдар бойы балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасаған. Тергеу деректеріне сәйкес, үш епархияда мыңға жуық бала зардап шеккен. Бұл туралы штаттың бас прокуроры Андреа Кэмпбелл жариялаған тергеу есебінде айтылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Есеп Фол-Ривер, Спрингфилд және Вустер католик епархияларын қамтиды. Бұл — жарты ғасырдан астам уақыт бойы жалғасқан зорлық-зомбылық пен жүйелік бұзушылықтар туралы алғашқы толық жария есеп.
Кэмпбеллдің айтуынша, епархия басшылығы болып жатқан жағдайды жылдар бойы білген, бірақ «олар балаларды емес, шіркеудің беделін қорғауды жиі таңдаған».
«Бұл сандардың әрқайсысының артында қауіпсіздігі бұзылған бала, өмірі мәңгілікке өзгерген отбасы және осы зорлық-зомбылықтан жарақат алып, оның салдарын жылдар, көп жағдайда ондаған жылдар бойы ішінде алып жүрген адам тұр», — деді Кэмпбелл.
Анықталған жағдайлардың көпшілігі 2002 жылға дейін болған.
Вустер епархиясы тергеу қорытындыларын зерделейтінін мәлімдеді. Оның мәлімдемесінде есеп «бұрынғы зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін қандай қосымша жақсартулар енгізуге болатынын анықтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерді одан әрі күшейту үшін» қаралатыны айтылған.
Кэмпбелл тергеу нәтижелері епархиялар ішінде реформалар мен зардап шеккендерді қолдау үшін жаңа заңдар қажет екенін көрсететінін мәлімдеді. Атап айтқанда, ол балалық шақтағы жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты азаматтық талаптар бойынша ескіру мерзімін алып тастауды ұсынды.
Католик шіркеуіндегі зорлық-зомбылыққа қатысты ауқымды жанжал 2002 жылы The Boston Globe газетінің тергеуінен кейін тұтанды. Газет Бостон архиепархиясының басшылығы діни қызметкерлердің жыныстық зорлық-зомбылық жасау фактілерін жүйелі түрде жасырып келгенін әшкереледі. Пулитцер сыйлығына ие болған жарияланымдар басқа елдерде тергеулер жүргізуге және Массачусетсте бірқатар реформалар қабылдауға әкелді.


