Павлодар облысы Маяқайын кентінің тұрғыны жедел медициналық жәрдем қызметкерін балағаттап, жұмысына кедергі жасағаны үшін 129 750 теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының Instagram-дағы ресми парақшасында жазылғандай, Баянауыл аудандық соты 103 қызметінің қызметкеріне былапыт сөйлеп, оның кәсіби жұмысына кедергі жасаған әйелді әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сотқа жеткен оқиға 5 қыркүйекте Маяқайын кентінде болды. Жедел жәрдем бригадасы шақырту бойынша үйлердің біріне келді — қыздың жағдайы нашарлаған еді. Медиктер оқиға орнында науқастың жағдайын анықтап, оған көмек көрсетуге тырысты.
«Осы уақыттың барлығында дерлік қасында 103 қызметінің фельдшерін балағаттап, тіпті жұмысына кедергі жасауға тырысқан әйел болды. Мұның бәрі Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының өкілдері бір жылдан астам уақыт бойы әрбір шақырту кезінде пайдаланып жүрген бейнетіркегішке жазылып қалды. Осы жазба сотта құқық бұзушылықтың негізгі дәлелі болды», — деді 103 қызметінде.
Сот әйелді ҚР ӘҚБтК-нің 80-1-бабының 2-бөлігімен (Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкерлерді қызметтік міндеттерін атқару кезінде құрметтемеушілік таныту) әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жаза ретінде бірінші сатыдағы сот оған 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салды. Шешім 17 қыркүйекте шығарылып, әлі заңды күшіне енген жоқ.


