Ғалымдар құртқа қарсы қолданылатын мебендазол дәрісінің ісікке қарсы гефитинибпен бірге өкпе обырының емге төзімді жасушаларының өміршеңдігін төмендететінін анықтады. Зерттеу нәтижелері PLOS One ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тәжірибе барысында мамандар негізгі емге — обыр өсуін тежейтін дәріге — жауап бермейтін ісік жасушаларын алды. Осы «төзімді» жасушаларды бөліп, оларға әртүрлі әсер етті: ісікке қарсы дәрі, паразитке қарсы таблеткалар және олардың қосындысы.

Үш тәуліктен кейін ғалымдар жасушалардың тіршілік қабілетін тексеріп, қай әдіс обырды тиімдірек жоятынын анықтады.

Біріккен тәсіл нәтиже берді. Гефитиниб жалғыз өзі төзімді обыр жасушаларына әсер етпеді — олардың өміршеңдігі бақылау деңгейінің 92,7%-ын құрады. Ал екі дәрі қосылғанда бұл көрсеткіш 37,7%-ға дейін төмендеді.

Содан кейін ғалымдар дәрілердің әсерін жануарларда тексерді. Олар обыр жасушаларын 80 ұрғашы тышқанға трансплантациялап, ісіктер пайда болған соң жануарларды әртүрлі ем алған топтарға бөлді. Тәжірибе барысында мамандар ісіктердің мөлшерін өлшеп, емнің қалай қабылданатынын бақылады.

Ісіктің өсуі баяулады. 40 күндік тәжірибеде ем қабылдамаған тышқандардың ісіктері шамамен 11 есе өсті. Екі дәріні де алған жануарларда обырдың өсуі қатты баяулады — ісік небәрі 4,6 есе үлкейді.

Авторлар аурудың әлдеқайда баяу дами бастағанын атап өтті. Сонымен қатар ем тышқандарда ауыр жанама әсерлер тудырмады.

Алайда ғалымдар ескертеді: әзірге бұл тек зертханалық тәжірибелер. Әдісті адамдарға қолданар алдында көптеген тексеру жүргізу қажет.

Бұған дейін «Курсив» ғалымдар балалардың обырға неліктен шалдығатынының себебін тапқанын жазған.