Қазақстанда биыл жазда жүргізушілерге арналған №073/у нысандағы медициналық анықтаманы рәсімдеу күрт өсті: маусымда 37 мыңға жуық құжат берілсе, тамызға қарай бұл көрсеткіш төрт есеге ұлғайды. Ажиотаждың себебін Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«№073/у нысандағы электрондық анықтамалардың саны айтарлықтай өсті. Ағымдағы жылдың маусымында барлығы 36 994 анықтама рәсімделді, шілдеде – 84 720, бұл өткен аймен салыстырғанда 129%-ға көп», – делінген ведомство хабарламасында.
Тамызда рәсімделген анықтамалардың саны 147 522-ге жетіп, шілдемен салыстырғанда тағы 74%-ға өсті.
Себебі неде
Денсаулық сақтау министрлігі ажиотажды Ішкі істер министрлігінің зейнеткерлік жастағы жүргізушілерге қатысты бақылауын күшейтуімен түсіндірді.
«№073/у нысандағы электрондық анықтамалар санының өсуі Ішкі істер министрлігінің 65 және одан жоғары жастағы азаматтарға, сондай-ақ екі жылда бір рет медициналық тексеруден өтуі тиіс мүгедектігі бар адамдарға қатысты бақылауын күшейтуімен байланысты», – делінген хабарламада.
Еске салайық, Қазақстанда 25 тамыздан бастап жүргізушілерге арналған жаңа ережелер күшіне енді. Енді 65 жастан асқан көлік жүргізушілері екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет. Кәсіби тексеруден өту тәртібін ІІМ түсіндірген болатын.
«Курсив» жазғандай, Невроздар мен Альцгеймер ауруын емдеу орталығының басшысы Жібек Жолдасованың пікірінше, мұндай кәсіби тексерулерді енгізу жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін танымдық бұзылыстарды анықтауға көмектеседі.
Сондай-ақ міндетті медициналық тексеруден өту тәжірибесі туралы бұрын алматылық Ирина Блок айтқан еді. Ол дәрігерлер іс жүзінде тексеру жүргізбегенін мәлімдеді.


