2026 жылғы 23 тамыздан бастап Қазақстанда пациенттердің дербес деректерімен жұмыс істеудің жаңа тәртібі күшіне енеді. Денсаулық сақтау министрлігі деректерді жинау және өңдеу қағидаларын жаңартты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өзгерістер eGov порталы арқылы келісім алу ережелерін, DICOM суреттерінің цифрлық стандарттарын, сондай-ақ диагностикалық файлдарды міндетті сақтау мерзімдері мен кейіннен жоюды қамтиды.

Жаңа қағидаларға сәйкес, пациент дербес медициналық деректерін жинауға және өңдеуге жазбаша нысанда, электрондық құжат түрінде немесе «цифрлық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушы кабинеті арқылы беру жолымен келісім береді. Медициналық кескіндерді сәйкестендіру үшін оларға бірегей идентификациялық нөмір беріледі.

Сақтау мерзімдеріне келетін болсақ, диагностикалық жабдықтың көмегімен алынған балалар суреттері (0-ден 15 жасқа дейін) 15 жыл, ал ересек пациенттердің суреттері – 10 жыл сақталады. Мерзімі өткен соң бұл суреттер жойылады.

Пациенттердің дербес деректерімен жұмыс істеудің жаңа тәртібі биылғы жылдың 23 тамызынан бастап іске қосылады.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің бүкіл мансабын цифрлық жүйеге көшіретіні белгілі болған еді. Ол дәрігердің медициналық колледжге түскеннен бастап, біліктілігін арттыру, жұмысқа орналасу және жұмыс орнын ауыстыруға дейінгі барлық жолын қадағалайды. Сондай-ақ, енді медициналық жоғары оқу орындарындағы орын саны ауруханалар мен емханалардың нақты сұраныстарына қарай, тар мамандардың өткір тапшылығы бар аймақтарға басымдық бере отырып есептелетіні хабарланған болатын.