MEGOGO онлайн-кинотеатры соңғы үш айдағы «Аудио» бөліміндегі қазақстандық пайдаланушылардың қалауын талдап, елде нені және қашан жиі тыңдайтынын анықтады. Маусымның басты тренді — бизнес-әдебиет пен классикалық романдарға деген ерекше қызығушылық, сондай-ақ жергілікті подкасттардың аудиоформатта танымалдығының артуы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Платформадағы аудиокітаптар рейтингінің сөзсіз көшбасшысы — Джордж Клейсонның қаржылық сауаттылық туралы культтік кітабы «Вавилондағы ең бай адам». Ол әрі бірегей тыңдаушылар саны, әрі тыңдауға жұмсалған уақыт бойынша бірінші орынды иеленіп отыр. Үздік үштікке сондай-ақ мәңгілік классикалық романдар — Эмили Бронтенің «Дауылды асу» және Александр Дюманың «Монте-Кристо графы» енді.

Сонымен қатар, платформадағы ең сұранысқа ие он аудиокітаптың қатарына іргелі туындылар — Сунь-цзыдің «Соғыс өнері», Гомердің «Одиссеясы» және Жюль Верннің шығармалар жинағы кірді.

MEGOGO аналитикасы тыңдаушылардың жергілікті контентке ерекше мән беретінін көрсетті. Ең танымал он аудиоөнімнің қатарына қазақстандық жобалар — «Кино айтшы» және «Әке толғағы» подкасттары сенімді түрде енді. Рейтингте жоғары орындарды «Zamandas» танымал подкасты да тұрақты түрде иеленіп келеді.

Жанрлық қалауларды талдау қазақстандық пайдаланушылардың қызығушылығы классика мен жеке тиімділік арасында бөлінетінін көрсетті. Платформадағы ең танымал жанрлар: классикалық әдебиет — аудио бөлімінің барлық аудиториясының 27,5%; мотивация және өзін-өзі дамыту — 15,7%; бизнес және қаржы — 12,6%; шытырман оқиғалы әдебиет — 11,1%; балалар әдебиеті — 5,4%.

Тыңдаушылардың апта күндері бойынша белсенділігі де қызықты бөлінді. Аудиокітаптар мен подкасттарды тыңдау шыңы тұрақты түрде дүйсенбіге келеді. Пайдаланушылар өнімді жұмыс аптасына бейімделеді немесе таңертеңгі кептелісте уақытты өткізеді деген болжам бар. Білім мен кітап аудиоформаты үшін екінші танымал күн — сейсенбі, үшіншісі — жұма. Подкасттар мен аудиокітаптарға ең аз қызығушылық жексенбіде байқалады.

«Біз контентті саналы тұтыну трендінің тұрақты екенін көріп отырмыз. Қазақстандықтар өзін-өзі тәрбиелеу, қаржылық сауаттылықты меңгеру және әлемдік классикамен танысу үшін аудиоформатты жиі таңдайды. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі контент пен жергілікті авторлардың жобаларына сұраныстың артуы бізді қуантады, олар бүгінде әлемдік бестселлерлермен тең дәрежеде бәсекелеседі», — деп пікір білдірді MEGOGO компаниясының бас директоры Нұрлан Шүкібаев.