Қазақстанда балаларды мектепке дайындауға 23 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік осал отбасылардағы шамамен 450 мың оқушы қаржылай қолдау алады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, төлемдер 2026 жылғы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Всеобуч» қоры арқылы жүргізіледі. Жаңа оқу жылындағы мемлекеттік қолдаудың ең төменгі мөлшері 50 851 теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Кейбір өңірлерде бұл сома жоғары болуы мүмкін — жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты.

Алынған қаражатты мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға жұмсауға болады. Төлем алуға жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған отбасылардың оқушылары, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған кәмелетке толмағандар өтініш бере алады.

Төлемді рәсімдеу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер тиісті құжаттармен білім беру ұйымына жүгінуі қажет. Бұған дейін материалдық көмек алушылар балаға қажетті заттарды сатып алғанын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс екені хабарланған.