Италия премьер-министрі Джорджа Мелони ЕО саммиті алдында парламентте сөйлеген сөзінде Еуропа елдерін Украинаны қолдауды жалғастыруға және оның капитуляциясына жол бермеуге шақырды. Ол «ресейлік танкілер мен Берлин қабырғасын сағынбайтынын» мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ «Еуропалық шындыққа» сілтеме жасап, Мелонидің Еуроодақ көшбасшыларының саммиті алдындағы парламенттегі сөзінің аудармасын жариялады. Сөздің толық мәтіні Италия үкіметінің ресми сайтында итальян тілінде жарияланған.

Мелони сөзінде парламентшілерге Украинаны әрі қарай қолдау және оның капитуляциясына жол бермеу қажеттігін түсіндіріп, «ресейлік танкілерді сағынбайтынын» айтты.

«Капитуляция — бейбітшілік емес, ол — жаулап алу. Егер Украина ертең қорғанысты тоқтатса, көпшілік күткендей немесе ұсынғандай, біз бейбітшілікке қол жеткізе алмас едік. Біз Еуропа жарты ғасыр бойы білген кеңестік үлгідегі империализмнің қайта оралуын және еуропалық елдің оккупациясын талқылар едік», — деді ол.

«Мен Прага мен Будапешттегі көтерілістерді басып-жаншыған ресейлік танкілерді де, Берлин қабырғасын да сағынбаймын. Өз бостандығын қорғағандардың капитуляциясын бейбітшілік деп атауға ешкім мені сендіре алмайды. Біз ұмтылып, тіпті консенсустан айырылу есебінен де құруға тырысып жатқан бейбітшілік — әділ бейбітшілік», — деді Мелони.