Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев үкімет отырысында қазақстандықтардың онлайн қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету шаралары туралы айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ведомство басшысы электронды форматта ұсынылатын мемлекеттік қызметтер тізімін кеңейту ғана емес, оларды алу мүмкіндігін кепілдендіру маңызды екенін атап өтті. Биылғы жылдың маусым айынан бастап заңнамалық деңгейде eGov және Aitu сияқты әлеуметтік маңызы бар цифрлық сервистерге тарифсіз қол жеткізу бекітілді. Бұл дегеніміз, телефон балансы нөл болса да, азамат негізгі мемлекеттік және әлеуметтік сервистерді пайдалана алады.
Сонымен қатар, сәуір айынан бастап eGov GPT интеллектуалды цифрлық ассистенті іске қосылды. Бұл сервис қызмет алу процесін жеңілдетеді: бұрын азамат қай ведомствоға жүгіну керектігін, қандай нысандарды толтыруды және қандай анықтамалар жинауды өзі анықтауға мәжбүр болатын. Енді өмірлік жағдайды қысқаша сипаттау жеткілікті, мысалы, «маған тіркелу керек» немесе «биыл балам мектепке барады». eGov GPT қажетті қызметті өзі анықтайды, өтініш дайындайды және істі нәтижеге дейін жеткізеді. Қазірдің өзінде eGov GPT арқылы ең сұранысқа ие 50 қызмет қолжетімді, бұл азаматтар өтініштерінің шамамен 30% құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 70% дейін арттыру жоспарлануда.


