Қазақстан Қаржы министрлігі ерекше тәртіппен мемлекеттік сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізу жобасын әзірледі. Онда шектік мәндерден асқан жағдайда жекелеген сатып алуларды бірыңғай ұйымдастырушыларға беру көзделген, деп хабарлайды infohub.kz.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Қаржы министрлігі «Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 7 қазандағы № 671 „Ерекше тәртіппен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру Қағидаларын бекіту туралы“ бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» бұйрық жобасын талқылауға ұсынды. Құжат ерекше тәртіппен жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру аясында әзірленген.
Негізгі өзгеріс — жекелеген мемлекеттік сатып алуларды өткізу өкілеттігін сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушылары деңгейіне беру. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сатып алу басқармалары туралы айтылады. Мұндай тетік сатып алу құны Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 28 тамыздағы № 589 «Тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбелерін бекіту туралы» бұйрығында белгіленген шектік мәндерден асқан кезде қолданылады.
Осылайша, белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін ерекше тәртіптегі сатып алулар мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушылары арқылы орталықтандырылып өткізілетін болады. Жобаға түсіндірмеде атап өтілгендей, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, сондай-ақ сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру тиімділігін арттыруға бағытталған.


