Қазақстанда тұрғын үй салымдарына мемлекеттік сыйлықақы есептеу ережелерін қатаңдату жоспарлануда. Тиісті өзгерістерді «Отбасы банк» қарастырып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Еске салайық, «Отбасы банкінде» тұрғын үй салымдарына ақша жинайтын қазақстандықтар жыл сайын мемлекеттік сыйлықақы алады. Ол жыл ішінде аударылған сомаға есептеледі, бірақ 200 айлық есептік көрсеткіштің 20 пайызынан аспайды. Мысалы, 2026 жылы сыйлықақының ең жоғары мөлшері 157 280 теңгені құрады, ал 2027 жылы ол 173 000 теңгеге тең болады.

Алайда жақын арада ережелер айтарлықтай өзгеруі мүмкін. «Крыша» порталының хабарлауынша, «Отбасы банк» төлем тәртібін өзгерту мүмкіндігін қарастыруда. Атап айтқанда, тұрғын үй депозиттеріне ақша жинауды тоқтатқан салымшыларды мемлекеттік сыйлықақыдан айыру ұсынылуда. Егер салымшы салымды жауып, ақшаны алса, алынған барлық мемлекеттік сыйлықақы бюджетке қайтарылады. Қазір депозитке үш жыл толса, сыйлықақыны алуға болады.

Сонымен қатар, төлем мерзімін ипотека ресімделгенге дейін шектеу жоспарлануда. Қазір ипотека ресімделгеннен кейін де мемлекеттік сыйлықақы есептеле береді, клиент тұрғын үй қарызына ауысқанша. Яғни, төлемдер қарыз алушы аралық немесе алдын ала қарыз сатысында тұрған кезде жүзеге асырылады. Өзгеріс ипотека ресімделгеннен кейін бірден мемлекеттік сыйлықақыны тоқтатады.

Банк басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова бұл ұсыныстар қарау сатысында екенін атап өтті. Егер олар қабылданса, жаңа ережелер тек жаңа депозиттерге қолданылады, ал бұрын ашылған салымдар бұрынғы тәртіппен жұмыс істей береді.

Сондай-ақ мемлекеттік сыйлықақыны тек мемлекеттік бюджеттен ғана емес, «Отбасы банкінің» дивидендтері есебінен де төлеу мүмкіндігі қарастырылуда.

Айта кетейік, мемлекеттік сыйлықақы төлеу ережелерін қатаңдату бұрын да талқыланған. Атап айтқанда, баспана сатып алудан бас тартқандар үшін сыйлықақыны алып тастау туралы сөз болған.

Еске салайық, Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі (ТҚЖЖ) кеңейтіліп, екінші деңгейдегі банктерге оған қатысу мүмкіндігі берілді. Алайда оларда «Отбасы банкінен» айырмашылығы, мемлекеттік сыйлықақы қарастырылмаған.