АҚШ-тың технология алыбы Meta компаниясы негізін қалаушы Марк Цукербергті Калифорния штатында ұстап қалу үшін онымен арнайы келісімге келді. Бұған миллиардерлерге салық салу туралы ұсыныс себеп болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Келісім бойынша әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Цукерберг ірі салық төлеу қажеттілігі туындаса, Meta акцияларын сата алады, бірақ компанияның бақылауын жоғалтпайды. Калифорнияда тіркелген компания осылайша өз басшысын сақтап қалмақ.
Штат тұрғындарының таза құны 1 млрд доллардан (750 млн фунт стерлинг) асатын азаматтарына бір реттік 5 пайыз салық салуды көздейтін шара әзірге қабылданған жоқ. Калифорния тұрғындары бұл мәселе бойынша 3 қарашада дауыс береді.
Сонымен қатар Цукерберг Meta-ның арнайы комитетімен «қарқынды» әрі «бірнеше кезеңде тартысты» болған келіссөздерден кейін келісімге қол жеткізді.
Калифорния — АҚШ-тың технологиялық алыптарының басым бөлігі орналасқан штат. «Әділ салық үшін американдықтар» науқанының дерегінше, мұнда шамамен 225 миллиардер тұрады.
Forbes журналының миллиардерлер рейтингі бойынша 226 млрд долларлық байлығы бар Цукерберг Meta кеңесіне «болжамды болашақта» компанияда қалуды жоспарлап отырғанын айтқан.
Алайда ол негізгі тұрғылықты жерін Калифорниядан тысқа ауыстыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын, ал үйін жылжымайтын мүлік нарығына шығарса, бұл «жария болып, компания қызметкерлерінің назарынан тыс қалмайтынын және оған пікір білдіретінін» жеткізген. Оның кеңеске айтуынша, мұның өзі «компания басшылығына алдағы уақытта сұрақ туғызар еді».
Meta ішіндегі арнайы комитет Цукербергті басшылық лауазымда және Калифорнияда ұстап қалуды «өте маңызды» деп шешті. Себебі компания оның штаб-пәтерден тұрып басқаруын «салада бұрын-соңды болмаған сын-қатер мен бәсеке кезеңінде» қажет деп санайды.
АҚШ пен әлемдегі технологиялық компаниялар жасанды интеллект пен оның инфрақұрылымын дамытуға миллиардтаған доллар жұмсап жатыр.
Meta акциялармен жасалған мәмілені Цукербергтің штаб-пәтерде компанияның жасанды интеллект жобаларымен «тығыз жұмыс істеуін» қамтамасыз ету үшін орынды деп бағалады. Компания оның «таланты мен көшбасшылығы құрылған сәттен бері біздің өсуіміз, стратегиямыз бен тұрақтылығымыз үшін шешуші болды, ал арнайы комитет мұның жалғасуын қалайды» деп мәлімдеді.


