Миграция комитеті шетелде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға алаяқтық деректері жиілегендіктен ескерту жасады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Ведомство сайтында Қазақстаннан тыс жерде жылдам жұмысқа орналастыруды уәде ететін тартымды жарнамалардың таралуы туралы ескертілді. Миграция комитетінің дерегінше, мұндай ұсыныстар көбіне шетелдік делдалдар мен Қазақстан Республикасында ресми тіркеуі жоқ, құқықтық өрістен тыс әрекет ететін күмәнді ұйымдардан келеді.

«Тексерілмеген интернет-ресурстар арқылы оңай табысқа құмар болу сенгіш азаматтар үшін ауыр салдарға ұласып жатады. Отандастарымыз ірі қаржылық шығынға, құқықтық кепілдіктің мүлдем болмауына және жат жерде үлкен қиындықтарға тап болу қаупіне ұшырайды. Мұндай схемаларды ұйымдастырушылар көбіне республикадан тыс жерде болғандықтан, зардап шеккендердің құқығын қорғау айтарлықтай қиындайды», — деп түсіндірді ведомствода.

Миграция комитеті азаматтарды сақ болуға, әлеуметтік желілердегі кездейсоқ хабарландыруларға сенбеуге және күмәнді рекрутерлерге ақша аудармауға шақырады. «Шетелде қауіпсіз жұмысқа орналасу тек ресми, аккредиттелген операторлар арқылы, барлық құжаттар мен рұқсаттарды міндетті түрде алдын ала тексерумен ғана мүмкін», — деп қорытындылады комитетте.