Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов елдегі алаяқтықпен және басқа да құқық бұзушылықтармен кең ауқымды күрес туралы айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әлеуметтік желіде жарияланған үндеуінде Асылов жаңа Конституция қабылданғаннан кейін жүргізіліп жатқан ауқымды құқықтық реформа жағдайында құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілдері өзгеріп жатқанын атап өтті. «Бүгін жасалған қылмысқа ғана әрекет ету жеткіліксіз. Біздің ортақ міндетіміз – қауіп-қатерлердің алдын алу, құқық бұзушылықтардың себептерін жою және азаматтардың құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз ету», – деп атап көрсетті ол.
Осы мақсатта қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды. Ол тәулік бойы криминогендік жағдайды талдап, әлеуетті қауіп-қатерлер мен осал аймақтарды анықтайды, тәуекелдерді болжайды және олардың алдын алу бойынша нақты шаралар әзірлейді. Қылмыстық қауіп-қатерлердің жаңа нысандары мен тәсілдерін анықтау үшін шетелдік контентті бақылауға ерекше назар аударылады.
Ішкі істер министрлігімен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологияларды қолдана отырып, азаматтарға қылмыстық қол сұғушылық ықтималдығы жоғары 360-тан астам қауіпті орын анықталды. Бұл жерлерде полиция патрульдеуін күшейтіп, 4 мыңға жуық жаңа жарықтандыру нүктесі және 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды.
Мұндай тәсіл қазірдің өзінде нәтиже беріп отыр: бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елдегі қылмыс 11 пайызға төмендеді. Кісі өлтіру, қарақшылық, тонау, бопсалау, ұрлық және көшедегі қылмыстар азайды.
Есірткі қылмысына қарсы шабуыл жұмыстары жалғасуда. «Киберқадағалау» жүйесі есірткі насихаттайтын 10 мың материалды, оның ішінде 6 мыңнан астам есірткі дүкенін бұғаттады. Прокуратура мен полиция органдарының өзара іс-қимылы нәтижесінде 464 мыңнан астам дроппер шоты бұғатталып, 2,6 миллиард теңгеден астам есірткі табысы тәркіленді.
Соңғы жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу үрдісін бұзу мүмкін болды – олардың саны 9 пайызға төмендеді. Құқық қорғау органдары мен байланыс операторының бірлескен күш-жігерімен миллионнан астам күдікті қоңырау тоқтатылып, 12 шетелдік алаяқтық колл-орталықтың қызметі жойылды.
Астанада прокуратураның бастамасымен байланыс операторының базасында құрылған Антиколл-орталық 76 жастағы әйел алаяқтарға 21 миллион теңге беруге дайындалып жатқан кезде олардың қоңырауын тоқтатты. Ақша сақталып қалды. Сонымен қатар, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының арқасында 2,9 миллиард теңгеден астам сомаға алаяқтық транзакциялар бұғатталды.


