Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі рецепт бойынша дәрі алу үдерісін цифрландырмақ. Сөз тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында берілетін тегін дәрілер туралы болып отыр. Сонымен қатар рецептілі дәрілерді QR-код арқылы беру мүмкіндігі де қарастырылуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа бұйрық жобасына сәйкес, қазақстандықтар дәріханаларда eGov Mobile, банктердің мобильді қосымшалары немесе «Әлеуметтік әмиян» арқылы электрондық рецептінің QR-кодын көрсетіп, дәрілерін ала алады.
Бұл ретте дәрі беру бақылауы күшейеді. Егер рецепт қағаз түрінде болса, науқастың жеке басы анықталады, ал фармацевттер әр қаптаманы бергенін электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) растауға міндеттеледі.
Дәріханаларда қазақстандықтардың жеке басы қалай анықталатыны әзірге хабарланған жоқ.
Ведомство науқастарға дәрілерін артық қағазбастылықсыз алу жеңіл әрі жылдам болады деп есептейді. Екінші жағынан, дәрілерді осылай беру ашығырақ болады, бұл тегін дәрілердің нақты науқастарға жетуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұйрық жобасының нормалары 16 қазанға дейін талқыланады. Жаңа ережелердің бәрі көңілден шықса, олар жақын арада қолданысқа енеді.
Қыркүйек айының басында қазақстандық дәріханаларда ондаған мың тегін дәрі сатылғаны белгілі болды. Ауқымды алаяқтық схемасы дәрілерді цифрлық таңбалаудың арқасында ғана ашылғаны хабарланды.
Бұған дейін «Курсив» «Фармация» СК тегін дәрі алушылар үшін Telegram және WhatsApp-та жаңа сервис іске қосқанын жазған.
Сонымен қатар дәрілердің шекті бағасын қалай тексеруге және дәріханалардағы үстеме бағаға қайда шағымдануға болатыны да хабарланған.


