«Мисс әлем — 2026» сұлулық байқауының жеңімпазы Доминикан Республикасының 24 жастағы Джохейрри Мола атанды. Финал Вьетнамның Нячанг қаласында өтіп, байқаудың 75 жылдығына орайластырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Байқаудың ресми сайтында атап өтілгендей, Мола педагог және журналист болып жұмыс істейді, сонымен қатар қоғамдық жобаларға белсенді қатысады. Жеңімпазға тәжді былтырғы титул иегері — Тайланд өкілі Опал Сучата Чуангсри табыс етті.

Бірінші вице-мисс испаниялық Элизабет Рейнес, екіншісі — Малайзия өкілі Таанусия Четти атанды. Доминикан Республикасы үшін бұл байқау тарихындағы екінші жеңіс: алғаш рет титулды 1982 жылы Мариасела Альварес иеленген еді.

Қазақстан атынан байқауға Miss Qazaqstan 2024 титулының иегері Бағым Балтабаева қатысты. Өскеменнен шыққан 23 жастағы қатысушы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «бастауыш сынып педагогы» мамандығы бойынша бітірген. Халықаралық сынға Балтабаева ұлттық бейне дайындады, оның басты символы — қазақ әйелінің сұлулығын, нәзіктігін, даналығы мен ішкі күшін бейнелейтін аққу. Алайда қазақстандық қатысушы финалдық топ-40-қа ене алмады.

Биыл атақ үшін 111 қатысушы бақ сынады. Финал алғаш рет Вьетнамда өтті — шоу Нячангта теңіз жағасындағы ашық алаңда ұйымдастырылды. Байқау іс-шаралары төрт аптаға созылды. Негізгі кезеңдердің бірі Beauty With a Purpose бағдарламасы болды, оның аясында қыздар әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын таныстырды. Бұл бағыттың бас жүлдесін жалпы есепте екінші орынды иеленген Малайзия өкілі Таанусия Четти алды.