Франциялық Mistral стартапы 6 қазанда Абу-Дабиде жаңа Large 4 жасанды интеллект моделін таныстырды. Компанияның ғылыми зерттеулер жөніндегі вице-президенті Пьер Стоктың айтуынша, модель компьютерлік чиптерді жобалай алады. Әзірлеме 27 қазанда жалпыға қолжетімді болады деп уәде етілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сток Mistral-дың ASML мен Samsung сияқты инвесторларымен ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін айтты. Алайда ол компанияның Samsung-пен чип әзірлеу бойынша жұмыс істеп жатқанын түсіндіруден бас тартты.
Mistralдың мәлімдеуінше, Large 4 бағдарламалау, қаржы, геокеңістіктік талдау, өнеркәсіптік өндіріс және өнім жобалау салаларында ең озық жасанды интеллект модельдерінен артта қалуды қысқартады.
Компанияның бас директоры Артюр Менш таныстырылымда әзірлеме кейбір қытайлық модельдерден асып түсетінін мәлімдеді.
«Біз бүгін таныстырып отырған модель кейбір параметрлері бойынша, соның ішінде киберқауіпсіздік саласында қытайлық модельдерден асып түседі. Сондықтан Еуропа бәсекеге қабілетсіз деген тұжырым шындыққа сәйкес келмейді», — деді ол.
Менш нақты модельдер мен салыстырмалы тест нәтижелерін атаған жоқ.
Large 4 Mistralдың өз инфрақұрылымында оқытылды. Модель ашық салмақтармен шығарылады: пайдаланушылар оны жүктеп алып, өз жабдығында іске қоса алады.
Жария релизге дейін киберқауіпсіздік сарапшылары мен мемлекеттік органдар оның мүмкіндіктерін тексеру үшін қауіпсіздік шектеулері азырақ нұсқасын алады.
Сток сынақтар барысында модель тест ортасынан шығуға әрекеттенгенін хабарлады. Оның айтуынша, компания мұндай мінез-құлықты күткен және оны тоқтата алған. Ұқсас жағдайлар OpenAI мен Anthropic-тің озық модельдерін тестілеу кезінде де тіркелген.
Mistral үш жылдан бері жұмыс істейді және американдық пен қытайлық жасанды интеллект әзірлеушілерінің басты еуропалық бәсекелестерінің бірі саналады. Соңғы қаржыландыру раундында стартап €3 млрд — шамамен $3,4 млрд тартты. Large 4 оның шамамен бес айдағы алғашқы ірі жаңа моделі болды.
Бұған дейін «Курсив» даттықтар АҚШ-қа деректерді жібермейтін өздерінің еуропалық ChatGPT-ін қалай іске қосқаны туралы жазған болатын.


