Қазақстанда Disney компаниясының «Моана» фильмінің көрсетілімі басталды. Қазақстандық әртістердің қайсысы әндерді қазақ және орыс тілдерінде орындағаны белгілі болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
21 жастағы қазақстандық әнші Санат Асуат әлемдік прокаттағы орыс тіліндегі нұсқада басты кейіпкердің дауысы болды. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі әрі «Голос Азербайджана» жобасының финалисі үшін бұл — дубляждағы алғашқы тәжірибе және көптен күткен арманының орындалуы.
«Мені бұрыннан білетіндер бұл оқиғаның мен үшін қаншалықты маңызды екенін түсінетін шығар. Мен Disney-дің барлық жобаларын шын жүректен жақсы көремін, енді менің де осы сиқырлы әлемнің бір бөлігі болған кезім келді. Армандар орындалатыны қандай жақсы!» — деп жазды Санат Instagram-да.
Әнші Моана кейіпкерінің өзіне өте жақын екенін атап өтті. «Моана — батыл, еркін, әрқашан өз жолымен, арманы мен мақсатына қарай жүруге дайын, бұл қазақ қызының тарихи бейнесіне ұқсас. Осы тұста біз өте ұқсаспыз. Сондай-ақ фильмде маған ата-бабалармен және өз руымен байланыс тақырыбы жақын. Мен бұл байланысты терең сезінемін және ол мен үшін үлкен мәнге ие», — деді Санат Асуат.
Әнші Индира Еділбаева да өз тәжірибесімен бөлісті. Ол Instagram-да жазба жариялап, фильм премьерасынан фото көрсетті. «Ақыры мына жаңалықты сіздермен бөлісе аламын! Бүгін „Моана“ фильмінің премьерасы өтті, онда біз Наzима және Таир Сахиевпен (Jaman T) бірге „Все впереди“ және „Бәрі алда“ финалдық саундтрегін орындадық», — деді Индира. Ол сондай-ақ осындай ауқымды жобаның бір бөлігі болу — үлкен мақтаныш екенін қосты.


